Жануарлар аусылы — бұл үй және жабайы жұптұяқты жануарлардың (ірі қара мал, қой, ешкі, шошқа) жедел өтетін вирустық ауруы. Ауру дене температурасының көтерілуімен (қызбамен), ауыз қуысының сілемейлі қабығының, терінің, желіннің және аяқ-қолдардың тұяқ аралық саңылауының эрозиялық зақымдануымен сипатталады.
Аусыл вирусы сыртқы ортада өте төзімді. Аурудың сау жануарларға жұғуы ауру малдан алынған, залалсыздандырылмаған өнімдер мен шикізат арқылы, сондай-ақ вирус ұзақ уақыт сақталуға қабілетті ауру жануарлардың бөлінділерімен ластанған жем-шөп, су, төсеніш, күтім құралдары, адамдардың киімі мен аяқ киімі және көлік құралдары арқылы жүруі мүмкін. Аусыл вирусымен жұғымдалған (инфекцияланған) жем-шөптің, топырақтың, төсеніштің ұсақ бөлшектері және басқа да нысандар желмен бірнеше шақырым қашықтыққа таралуы мүмкін.
Адамдардың жұқтыруының негізгі жолы — ауру жануарлардың шикі сүтін және одан өңделген өнімдерді, сирегірек етті тұтыну. Ауру жануарлармен тікелей жанасатын адамдарда инфекцияның тікелей жұғуы (сауу, күту, емдеу, сою кезінде), ауа-тамшылы жолмен жұғуы (жануарлар тыныс алғанда және жөтелгенде), сондай-ақ жануарлардың бөлінділерімен ластанған заттар арқылы жұғуы мүмкін. Инфекция адамнан адамға берілмейді. Балалар ересектерге қарағанда аусылға тезірек шалдығады.
Аусылдың негізгі белгілеріне мыналар жатады: жануардың күйзеліске ұшырауы (енжарлығы), аузынан қою көбікті сілекейдің ағуы, ауыз қуысында, тілде, емшек үрпілерінде, желінінде және тұяқ аралық саңылауларында әртүрлі мөлшердегі көпіршіктердің (афталардың) пайда болуы, сондай-ақ дене температурасының көтерілуі.
Профилактикалық шаралар:
• жануарларды өз уақытында вакцинациялау (егу);
• жануарларды және жануарлардан алынатын өнімдерді (сүт, ет және т.б.) ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ, белгіленбеген сауда орындарынан сатып алмау;
• жануарларды әкелу және әкету кезінде карантин ережелерін сақтау;
• үй-жайларды, құрал-саймандарды және көлік құралдарын жүйелі түрде дезинфекциялау (залалсыздандыру);
• ауру жануарларды оқшаулау және бұл туралы ветеринариялық қызметке дереу хабарлау;
• фермаларда және жеке аулаларда зоогигиеналық және санитарлық нормаларды сақтау.
Ауру белгілері байқалған немесе күдік туындаған жағдайда тез арада жергілікті ветеринариялық қызметке хабарласыңыз!
Ветеринариялық дәрігер А.В. Тумрау
Қаралым саны: 5