Құтыру — вирус арқылы таралатын қауіпті ауру. Ол жануарлар мен адамдарға ауру жұқтырған жануар тістегенде, тырнағанда немесе сілекейі зақымдалған тері мен шырышты қабықтарға түскенде беріледі. Вирустың негізгі тасымалдаушылары — жабайы жануарлар (түлкілер, қасқырлар, жанат тәрізді иттер) және жарқанаттар. Олардан ауру үй жануарларына және адамдарға жұғуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл ауру ірі қара мал, жылқы және басқа да шөпқоректі жануарлар арасында тіркеледі. Жануарлардағы инкубациялық (жасырын) кезең алғашқы белгілер пайда болғанға дейін шамамен 3–10 күн бұрын басталып, ауру аяқталғанша жалғасады.
Жануарлардағы ауру белгілері:
• Оғаш мінез-құлық. Құтыруға шалдыққан жабайы жануарлар сақтық сезімін жоғалтып, басқа жануарлар мен адамдарға жақындауы мүмкін. Үй жануарлары шамадан тыс ерке, үркек немесе ұйқылы-ояу болып қалады. Иесінің бұйрықтарына бағынбайды, лақап атына жауап бермейді.
• Тәбеттің өзгеруі. Ауру жануар әртүрлі жеуге жарамсыз заттарды, топырақты жеуі мүмкін.
• Сілекейдің ағуы және құсу.
• Координацияның бұзылуы: жануар тепе-теңдікті сақтай алмайды, жүргенде теңселіп жүреді.
• Құрысу (сіңірдің тартылуы) — бұл бұлшықеттердің дірілдеуі немесе жиырылуы; ол тек бір аяқ-қолды немесе бүкіл денені қамтуы мүмкін.
• Агрессия (ашушаңдық) — бұл құтырудың кеш кезеңіндегі белгісі. Әдетте, агрессия басталғаннан кейін 2-3 күннен соң жануар өледі. Агрессивті жануар өте қауіпті, өйткені ол басқа жануарларға немесе адамдарға ауру жұқтыруы мүмкін.
• Сал болу (паралич) — жануар денесінің бір немесе бірнеше бөлігінің қозғалыссыз қалуы. Жиі төменгі жақтың сал болуы дамиды, бұл оның салбырап түсуіне әкеледі (бұл кезде жануардың аузы ашылып, сілекейі ағып тұратын тән көрінісі пайда болады).
Құтырудың алдын алу:
1. Иттер мен мысықтарды жыл сайын міндетті түрде вакцинациялау.
2. Үй жануарының мінез-құлқы өзгергенде, басқа жануарлардан жарақат алғанда немесе ол кенеттен өліп қалған жағдайда ветеринар маманға хабарласу.
3. Балаларды жануарлармен қауіпсіз қарым-қатынас жасау ережелеріне баулу.
4. Жабайы және қараусыз қалған жануарлармен жанасудан бас тарту; мұндай жануарлар анықталған жағдайда — ветеринариялық қызметке хабарлау.
5. Адамды тістеп алған жануарды он күн бойы бақылауда ұстау.
6. Елді мекендерде жабайы жануарлар пайда болған жағдайда қауіпсіздік шараларын қабылдау.
Жануар тістеп алған немесе тырнаған жағдайда — жараны дереу өңдеу қажет:
• теріні кем дегенде 15 минут бойы сабынды сумен жуу;
• жараның шеттерін йодпен өңдеу;
• мүмкіндігінше тезірек медициналық мекемеге жүгіну.
Құтыру ауруының емі жоқ. Аурудың алдын алудың жалғыз жолы — құтыруға қарсы вакцинаны дер кезінде егу (оны медициналық мекемеге жүгінген күні, бірақ жануармен жанасудан кейін 14 күннен кешіктірмей салған жөн). Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен екпенің толық курсын алу — осы қатерлі инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы.
Ветеринариялық дәрігер Рауш А.А.

Қаралым саны: 25