Үй жануарлары – біздің адал серігіміз, бізге қуаныш сыйлайды, көңілімізді көтеріп, жанымызға жылулық береді. Алайда, кішкентай достарымызға қамқорлық жасаумен қатар, оларға жауапсыздық таныту жағдайлары да жиі орын алады. Өкінішке орай, бұл жануарларға қарау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.
Жануарларға деген жауапсыздық тиісті күтім мен ветеринариялық көмек көрсетілмеуінен бастап, оларды әдейі қараусыз қалдыруға дейінгі түрлі әрекеттер арқылы көрініс табады. Мұндай әрекеттер адамгершілік нормаларын бұзып қана қоймай, қаңғыбас жануарлар санының өсуіне әкеп соғады да, санитариялық қауіпсіздік пен халықтың әл — ауқатына қауіп төндіреді.
Әрбір тіршілік иесіне қамқорлық қажет екенін түсінген жөн.
Үй жануарларын асырап алу туралы шешім қабылдағаннан кейін, адам оның өмірі, саулығы мен амандығы үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Жануар ойыншық, уақытша хобби емес, ауырсынуды, қорқыныш пен сүйіспеншілікті сезінуге қабілетті тіршілік иесі.
Мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, жануарлардың қараусыз қалуының алдын алу бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізеді.
Қаңғыбас жануарларды стерилдеу, вакциналау, есепке алу, иелері халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу жөніндегі бағдарламалар, сондай-ақ азаматтардың жануарларды ұстауға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған ағарту іс-шаралары іске асырылып жатыр. Алайда, әрқайсымыз ат салыспай, бұл мәселені шешу мүмкін емес.
Біз тұрғындарды саналы және мейірімді болуға шақырамыз. Қиындыққа тап болған жануарларға бейжай қарамаңыздар, қатыгездік фактілері туралы тиісті қызметтерге хабарлаңыздар. Үй жануарларына жауапкершілікпен қарау – бұл қоғамның дамығандығын және әрбір адамның адамгершілік деңгейін айқындайтын көрсеткіш.
Бірлесе әрекет еткенде ғана бірде — бір жануар ұмыт қалмауын, қараусыз тастанды қалмауын қамтамасыз ете аламыз.

22.01.2026
Қаралым саны: 18
Қаралым саны: 18