Кәсіпорынның ветеринария мамандары «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығына (бұдан әрі — Қағидалар) сәйкес, ағымдағы жылы туған ауыл шаруашылығы жануарларының төлін бірдейлендіру (идентификациялау) бойынша жұмыстар жүргізуде.
Әрбір жануарға жеке бірдейлендіру нөмірі беріледі, ол ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі ақпараттық жүйеге (АЖ ЖОБ) енгізіледі.
Ауыл шаруашылығы жануарларының төлі келесі жасқа толған күннен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіріледі:
-
бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар — туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
-
құлындар — төрт айлық жасынан бастап (таңбалау кезінде), туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін (чиптеу кезінде).
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бірыңғай мемлекеттік есепке алу жүйесі шеңберінде жүргізіледі және келесі мақсаттарға бағытталған:
-
Жануарлардың нақты шаруашылықтарға тиесілілігін растау, сондай-ақ ұрлық пен ауыстырып алу жағдайларының алдын алу.
-
Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
-
Жануарлардың орын ауыстыруын (көші-қонын) бақылау.
-
Мал басын жұқпалы аурулардың таралуынан қорғау.
-
Мал шаруашылығын дамыту үшін сенімді деректер базасын қалыптастыру.
Бүгінгі таңда ауданда ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерін бірдейлендіру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабының 5-тармағы мен 12-тармағына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге және ветеринария саласындағы мамандарға олардың ветеринариялық іс-шараларды өткізу жөніндегі қызметтік міндеттерін атқаруы кезінде жәрдем көрсетуге міндетті.
Жануарлардың иелеріне ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтау және іс-шараларды өткізу кезінде ветеринария мамандарына жәрдемдесу ұсынылады.

Қаралым саны: 31