Чиптеу — идентификациялаудың ең заманауи жүйесі

Чиптеу — идентификациялаудың ең заманауи жүйесі. Жануарларды таңбалаудың бұл әдісі тері астындағы микрочиптің бейімделуі үшін қосымша уақытты талап етпейді, чиптің бірегей коды тері астына инъекция жасалғаннан кейін бірден оқу үшін қолжетімді болады.

Микрочипті алып тастау мүмкін емес, өйткені ол пальпация кезінде (сипап тексергенде) сезілмейді және оны табу мүмкінге жуық. Сонымен қатар, төлдің кейінгі қарқынды өсуі кезінде микрочип жануардың терісі астында іс жүзінде қозғалысқа (миграцияға) ұшырамайды.

Чип — күріш түйірінің өлшеміндей кішкентай электронды құрылғы, ол стерильді қаптамадағы жеке шприцте жеткізіледі, бұл чиптеу процедурасын айтарлықтай жеңілдетеді. Чип жануардың терісі астында аллергиялық реакцияларды, қабылдамауды немесе оның қозғалуын (миграциясын) болдырмайтын биоүйлесімді шыныдан жасалған арнайы капсулаға салынған. Әрбір чипке жануарды есепке алу карточкасына және басқа да құжаттарға енгізу үшін нөмірі мен штрих-коды бар жапсырмалар қоса беріледі. Чиптің құрамында деректер базасындағы нақты жылқының төлқұжатына байланыстырылатын бірегей 15 таңбалы код болады.

Жануарды қолмен сәйкестендіру үшін (мысалы, тексерулер, вакцинациялау және т.б. жүргізу кезінде) тасымалы сканер қолданылады. Бұл жағдайда идентификациялау сканерді жануарға жақындату арқылы жүзеге асырылады. Электрондық идентификациялау құралдары арқылы алынатын жануарларды ұстау туралы барлық ақпарат деректер базасына (ЖОБ ИСЖ) орналастырылады.

Чиптеудің негізгі артықшылықтары:

  • бұрмалаудың (қолдан жасаудың) мүмкін еместігі;

  • бірегей нөмірдің жануардың бүкіл өмірі бойы сақталуы;

  • нөмірді жоғалту немесе қолдан жасау мүмкіндігінің жоқтығы;

  • процедураны өткізу кезіндегі іс жүзіндегі толық ауырсынусыздық және жоғары жеделдік.

Чиптеу процедурасын ветеринария мамандары тегін жүргізеді, бұл ретте чиптің құны 500 теңгені құрайды және оны иесі өз бетінше сатып алады.

Ағымдағы жылдың басынан бері Мағжан Жұмабаев ауданының ветеринариялық станциясының мамандары 231 бас жылқыны чиптеу әдісімен идентификациялаудан өткізді.

 

29.06.2026
Қаралым саны: 35